Бүгін Темір аудандық музейі мен Шұбарқұдық балалар саз мектебінің ұйымдастыруымен қазақ музыка өнерінің көрнекті өкілі, композитор, дирижер, ғалым Ахмет Жұбановтың 120 жылдық мерейтойына орай «Қазақ музыка өнерінің алыбы» атты танымдық сағат өтті.
Тағылымды шара Шұбарқұдық балалар саз мектебі өнерпаздарының орындауында Ахмет Жұбановтың «Би» күйімен ашылды.
Шарада Ахмет Жұбановтың шығармашылығы, қазақ музыка мәдениетін қалыптастырудағы рөлі ерекше атап өтілді. Ол - қазақтың халық әндері мен күйлерін жинақтап, нотаға түсірген алғашқы кәсіби музыкатанушылардың бірі. Сондай-ақ қазақ тіліндегі алғашқы музыкалық оқулықтардың авторы ретінде ғылым саласына да зор үлес қосты.
1934 жылы Ахмет Жұбановтың бастамасымен құрылған оркестр бүгінде «Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі» ретінде әлемге танылып отыр. Бұл ұжым қазақтың ұлттық музыкасын халықаралық деңгейде насихаттап келеді.
Кеш барысында Шұбарқұдық балалар саз мектебінің оқушылары Мариям Шаймырза мен Фатима Асанғали композитордың «Қарлығаш» шығармасын ал, «Әуен» хоры «Ақ көгершін» әнін шырқап, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Музыкалық нөмірлер кештің мазмұнын байытып, ұлттық өнердің көркемдігін паш етті. Ұлттық музыка құндылықтары дәріптелген шарада сөз алған Шұбарқұдық балалар саз мектебінің директоры Сұңғат Сәлімгерейұлы, Темір аудандық белсенді ұзақ өмір сүру орталығының зейнеткері Г.Казкенова, Темір аудандық музей директоры Жандос Кенжебекұлы Ахмет Жұбановтың қазақ мәдениетіндегі орны ерекше екенін атап өтті. Сонымен қатар, шараға белсене қатысқан ұстаздар мен оқушыларға арнайы дипломдар табысталды.
Кеш соңында шара қонақтары Ахмет Жұбановтың өз дауысы жазылған аудиожазба мен қазақ күйлерінің тарихын тыңдап, ерекше әсерге бөленді.
Ұйымдастырушылар барлық қатысушыларға алғыс білдіріп, ұлттық өнерді дәріптеу жолындағы мұндай тағылымды шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.